×

Несиесін 90 күннен кешіктіргендер 1,5 млн-нан асты

Мәжіліс депутаты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін тексеруді сұрайды

 Ербол Тұрымбет 05.10.2022 | 12:39
Фото: sputnik.kz

Мәжіліс депутат Юрий Ли Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлерін тексеруді ұсынды. Оның ойынша, халықтың несиеге батуына солар кінәлі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Депутат келтірген дерекке қарасақ, 1 шілдедегі жағдай бойынша бүкіл банк пен шағын несие ұйымдары және колллекторлық агенттіктердегі төлем мерзімін 90 күннен аса кешіктіргендердің саны 1,52 млн адам.

Ал шағын несие ұйымдарындағы төлем мерзімін 90 күннен аса кешіктіргендердің үлесі 38%. Сайып келгенде, 10 қарыз алушының төртеуі немесе 550 мың адам үш айдан бері несиесін төлей алмай жүр. 

Шағын несие ұйымдары несие мерзімін өткізіп алушылардың санын жасанды түрде азайту үшін оларды коллекторлық агенттіктерге сатады. Сондықтан, шындығына келгенде, шағын несие ұйымдарындағы несие мерзімін өткізіп алушылар қатары әлдеқайда көп, - дейді депутат.

Соған байланысты, депутат Ли әлгі айтылған шағын несие ұйымдарындағы несие мерзімін 90 күннен асыра кешіктірген 550 мың борышкер мен коллекторларға берілген қарыздар бойынша текеріс жүргізіп, қандай құқық бұзушылықтар жасағанын анықтау керектігін айтты.

Депутат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өзін тексеруді де сұрап отыр. Нақтырақ айтқанда, агенттіктің онлайн шағын несие беру сегментіне қарайтын қызметкерлерін тексеріске алу қажеттігін айтады.

Айта кетейік, Ұлттық банк мәліметінше, еліміздегі екінші деңгейлі банктер 20,68 трлн теңге несие берген. Оның 61,6%-ы немесе 12,74 трлн-ы жеке тұлғаларға тиесілі. Оның ішінде, ипотекалық несие 4,14 трлн теңге болса, тұтынушылық несие жыл басынан бергі 8 айда 14,5% өсіп, 7 трлн теңгеге жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама