×

«Мақсатымыз қыздарға ұнау еді». «Дос-Мұқасан» қалай танылды?

«Дос-Мұқасан» фильмі көрерменге жол тартты

 Ая Өміртай 04.10.2022 | 17:06
фото: kazakhcinema.kz

29 қыркүйектен бастап Қазақстан кинотеатрларында аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы көркем фильм көрсетіліп жатыр. Көркем туынды қазақ эстрадасының шамшырағына айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің тарихы мен өнердегі жолын арқау еткен.

Пандемиядан кейін кинотеатрларда көрермен қарасы азайып қалғаны рас. Аталған фильмді тамашалауға келгендердің арасынан ансамбльдің құрдастары да, кейінгі замандастары да табылды.

Фильм сюжетіне «Дос-Мұқасанның» жетістікке жету жолындағы тарихы өзек болған. Еншісінде уақыт пен ертеңге деген сенім ғана бар рухтас студенттерден құралған шағын ансамблдің бүкіл одақты таң-тамаша еткен құдіреті кімді болмасын таңырқатпай қоймасы анық. Ә дегенде университет қабырғасына келе қалған жастарды толқытатын, сүйіндіретін бір ғана мән бар. Ол – өмірге деген шексіз құштарлық. Бар дүниенің бастауына тарам-тарам жол ашып беретін осы бір құштарлықтан көзсіз батырлық пен батылдық та, іңкәрлік пен сұлулық та тасқындай туып жатты.

Байопикті сенімді түрде бейімдеу және оған қазақ рогының негізін қалаушылардың қайталанбас тартымдылығын беру үшін бас кеңесшілер ретінде вокалды-аспаптық ансамбльдің негізін салушылар Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеев шақырылған. Фильмнің актерлік құрамы портреттік ұқсастық бойынша таңдалды. Басты рөлдерді актер Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сомдады. Танымал блогерлер мен вайнерлер Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи де фильмде дебют жасады.

Бас кейіпкер Досымның рөлі турасында аталған фильмнің ресми кеңесшісі Досым Сүлеев өзінің көңілінен шыққанын, десе де көркем фильмдегі Досым мен ансамбльдегі Досымның арасында едәуір айырмашылық бар екенін атады.

«Менің фильм жайындағы әсерім тамаша. Неге десеңіз, фильмнің геройымын. Жастық шағымыздың әр белесі көз алдымыздан өтіп жатты. Дегенмен жастар, бүгінгі замандастарым туындыны қалай қабылдады, сол қызық. Бас кейіпкер Досымның рөлін сомдаған актер – Мейірғат Амангелдиннің сомдауы көңілімнен шықты. Бас кейіпкер тұйықтау, жанары ойлы көрінеді. Бірақ шынайы өмірде мен өте белсенді, еті тірі жігіт едім. Әрине, көркем фильмде өзгерістер болуы заңды, өте сәтті шыққан. Ресми кеңесші ретінде ансамблдің құрылу тарихынан бастап, күні бүгінге дейінгі басымыздан өткен жайттарды әңгімелеп бердім. Фильмдегі оқиға желісінің дені шынайы өмірден алынған. Бірге отырып, осыған келтірдік», – деді Досым Сүлеев Halyq Uni сайтына берген сұқбатында.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ҚЫЗДАРҒА ҰНАУ ЕДІ»

Музыкалық драма «Дос-Мұқасанның» шарықтау жолын баяндай отырып, музыкадағы ең сәнді және танымал жаңалыққа айналған ансамбль орындауындағы әндерден музыкалық коллаж жасайды. Фильм негізгі идеяны театрландырылған көрініс шеруімен жұмсақ өрбіте отырып, тұтас дәуірдің үніне айналған жас музыканттардың қайратты ерік-жігеріне тәнті етеді. Ансамбльдің мұншалықты өміршең болуының сырын Досым Сүлеев былай деп тарқатады:

Аты аңызға айналатын ансамбль боламыз деп тіптен ойлаған жоқпыз. Біздің бірінші мақсатымыз – жатақханада бірге тұратын қыздарға ұнау еді. Одан басқа бізге ешнәрсе керек те болған жоқ. Бірақ жастар өзімізді таң қалдырып, жаппай қолдап кетті. Айналасы екі-үш жылдың ішінде алматылық студенттер түгел танып, репертуарға көңіл бөле бастадық. Жігіттер музыкалық сауатын ашып, сапаға мән бердік. Бізден бұрын The Beatles британ рок-группасы шықты ғой. Жаңа формат, жаңа технология, жаңа деталь бар. Осы ансамбльдің технологиясы мен құрамын алдық. Үш электрогитра. Біз орындаған қазақша әндер мен халық әндері жастарға ұнап, бірден қолдап кетті, – деп еске алды артист.

Фильмді Ефрат Шәріповтің сценариі бойынша «Aray Media Group» студиясы түсірген. Фильмнің продюсері Айгүл Байбек, ал музыкалық драманың режиссері Айдын Сахаман. Режиссердің айтуынша, фильмнің әзірлік жұмыстары 2020 жылы желтоқсан айында басталып, негізгі бөлімі түсіріліп қойған.

«Тарихи туынды түсіру оңай емес екен. Әсіресе 60-70-ші жылдардағы ғимарат табу оңай болмады. Суретшілер біраз жұмыс атқарды. Қаншама тарихи костюмдер тігілді. Әрі қиын, әрі қызықты процес болды. Музыкалық драма болғандықтан, өз қиыншылықтары бар. Бірақ ерекшеліктері де жоқ емес. Фильм түсірілмес бұрын, барлық музыкалық композициялар жазылып, үсітнен орындап шықты. Оның үстіне, артистер жарты жылдан астам уақыт шаштарын өсіріп, салмақ тастап, дайындық жұмыстарын пысықтады. Өйткені 30-ға келіп қалған жігіттердің 18 жастағы студенттерді сомдауы оңай емес. 2021 жылдың көктемі мен жазында қалған сахналарды түсіріп болдық», – деді Айдын Сахаман бізге берген сұхбатында.

«ТОЙ ЖЫРЫНА» 40 ДУБЛЬ ЖАСАЛДЫ

Оның айтуынша, фильмдегі күрделі әрі маңызды сахна  – «Той жыры» әнінің эпизоды болған. Дайындығының өзіне екі апта уақыт жұмсалған.

Ең бастысы «Той жыры» сахнасына көбірек көңіл бөлінді. Өйткені «Той жырынсыз» қазақтың тойы өткен емес. Екі аптадан астам уақыт дайындалдық. 40-қа жуық дубль жасалды. Осы сахнаны түсіру кезінде Досым ағаның өзі де қатысты, – дейді Айдын Сахаман.

Өзіндік қолтаңбасымен көрермен назарын бірден аударған режиссер Айдын Сахаман кино өнеріне ұзақ жылғы кәсіби әрі табанды дайындықпен келді. Ол 2006-2008 жылдары Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА магистратурасында «Кино және телевидение режиссері» мамандығы бойынша оқыды. 2011 жылы Анджей Вайда жоғары режиссура мектебінде (Польша) көркем фильм режиссері мамандығы бойынша білімін шыңдап, 2010 жылы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде (ВГИК) көркем фильмдер режиссері мамандығы бойынша В.И.Хотиненко шеберханасында білім алды.

Жалпы алғанда, жұлдызды актерлық құрамды есепке алмағанның өзінде, көркем туынды мазмұнды оқиғасымен-ақ көрерменін лезде баурап алады. «Дос-Мұқасан» фильмі – аңызға айналған ансамбльдің жеңісі емес, топтың жетістікке жету жолындағы қиын да шытырман жолын баяндайды. Концерттерге тыйым салу, билік партиясының науқаншылдығы, оқудағы қиындықтар, ғылым мен өнердің арасындағы қиын таңдау – бүгінгі көрерменді кешегі күндердің шындығына апарады. Ал қазақ киносүйер қауымының дәл осындай жөні түзу фильм тамашалауына әлдеқашан еңбегі сіңген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама