×

«Тышқан қаптайды». Астаналықтар жәрмеңкенің тұрғын үй маңында өткізілгеніне наразы

«Хан шатырдың» артында өткізілген кезде ешкімге кедергі келтірмейтін

 Еркеғали Болатұлы 04.10.2022 | 15:26
фото: ашық дереккөз

Бүгінде әр сенбі-жексенбі сайын елордадағы «Астана Арена» стадионының артында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп тұрады. Оған арнайы орын дайындап, темір қоршауларды қоюға қала әкімдігі 16 миллион теңге бөлген. Алайда сол маңдағы бір топ адам жәрмеңкенің тұрғын үй маңында өтетініне наразы. Олар тауар қалдықтары айналаны ластап, жағымсыз жағдай тудырады деп отыр.

Сондықтан жұрт қалалық әкімдіктен жәрмеңкені басқа жерге көшіруді талап етіп жатыр деп хабарлады КТК телеарнасы.

Санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Жәрмеңкеден кейін біздің көргеніміз – саудагерлерден кейін тастап кеткен көп қоқсық. Оны екі күннен кейін бір-ақ жинады. Ол қоқыстың иісі өте жаман, сосын тышқан қаптайды, - дейді Айдана Бейсебаева атты тұрғын.

Жалпы, маусымнан тамызға дейін ол жердің саудасын жергілікті шаруалар қыздырса, тамыздың соңынан бері жәрмеңкеге әр өңірден келгендер кезектесіп шығып жатыр.

Демалыс күндері үйімізден шыға алмай қаламыз. Жәрмеңкеге келушілердің көптігінен мұнда көлік кептелісі болады. Тіпті автобус та аялдамасына кіре алмай, айналып өтеді. Бұрын жәрмеңке «Хан шатырдың» артында өткізілген кезде ешкімге кедергі келтірмейтін. Неліктен тұрғын үйдің алдына әкеліп қойғанын түсінбедік, - дейді келесі тұрғын Ақтолқын Рахметова.

Бірақ Астана қаласының әкімдігі жәрмеңкені басқа жерге көшіру мүмкін емес деп отыр. Себебі биылға бюжет бөлініп қойған. Тек өңірлерді қос-қостан шақырып, ертерек аяқтай аламыз дейді. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарашаның соңына дейін жалғасса, биыл қазанның аяғында бітеді.

Жинау жұмысы жүргізіледі. Бірақ өткенде бір техникалық себепке байланысты бірден жиналмады. Қазір екінші аптада, жексенбі күні бітеді. Сағат 6-да келіп, қоқыстың бәрін жинап әкетеді, - дейді қалалық кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция басқармасының бөлім басшысы Әбділ Балтатегі.

Ал тұрғындар айтқан ұсақ-түйек қалдықтар кейбір жауапсыз кәсіпкерлердің әрекеті деп ақталды шенеуніктер. Енді азаматтардың шағымын ескеріп, келесі жылы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қаланың басқа аумағында өткіземіз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама