Halyq Uni логотип
×

БҚО-да ресейліктерге заңсыз қызмет көрсеткен кей такси мен жалға пәтер берушілерге шара қолданылады

Облыста 3 462 пәтер жалға беріледі, жартысына жуығының иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген

 Халық үні 04.10.2022 | 15:26
БҚО-да ресейліктерге заңсыз қызмет көрсеткен кей такси мен жалға пәтер берушілерге шара қолданылады
Коллаж: Халық үні

Ресейліктерге заңсыз қызмет көрсеткен такси жүргізушілеріне шара қолданылады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

БҚО-ға шекарадан бірінші қыркүйектен бері 377 мың адам өткен. Оның 122 мыңы – Ресей азаматы. 21 қыркүйек – 2 қазан аралығында 54 мыңнан аса шетелдік өтті, оның 42 мыңы – 18 бен 50 жас аралығындағы ер азаматтар.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің айтуынша, облыс аумағына келген 7 296 Ресей азаматы ЖСН алуға өтініш берген.

«Қазір Оралдағы «Атамекен» туристік базасында 140 азамат бар. Оралдағы жалдамалы пәтерде 426 адам тұрып жатыр. «Самал» туристік базасында және «Гала» мейрамханасында уақытша тіркеумен тұрып жатқандар бар. Адамдар көп жиналатын теміржол вокзалы мен «City center» ойын-сауық орталығы, сондай-ақ саябақтар маңында бақылау күшейтілген. Шетел азаматтары толықтай бақылауда»,- деді Жанболат Жаншин.

Оның айтуынша, облыстағы 6 шекара бекетінде 38 полиция қызметкері кезекшілікте тұр. Бірнеше бригада қауіпсіздікке жауап береді.

ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтің айтуынша, облыстық ауруханада 11 шетелдік азаматқа медициналық көмек көрсетілген.

«Облыстық ауруханада дәрігерлер көмегіне жүгінген 11 адамның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Қалалық ауруханаға 7 науқас жүгінген. Шыңғырлау, Бәйтерек, Сырым аудандарындағы ауруханаға 2 науқастан жатқызылса, Ақжайық пен Теректіде бір-бір адамнан ем алып жатыр. Тағы 19 адамға түрлі деңгейдегі медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдемге барлығы 36 шетел азаматынан қоңырау түскен»,- деді ол.

Оның айтуынша, шекара бекеттерінде тәулік бойы дәрігерлер кезекшілігі ұйымдастырылған.

Шекара бекетінде такси жүргізушілері де азайған, бағасы да қазір екі есе төмендеген.

ПӘТЕР БАҒАСЫ ШАРЫҚТАДЫ

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтің айтуынша, облыста 3 462 пәтер жалға беріледі.

Ресейліктердің көп келуіне байланысты пәтер нарығында баға көтерілді.

Полиция басқармасының мәліметінше, пәтерді жалға берушілердің 1 268-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Кірістер департаменті мен полиция бірлесіп өткізген рейд нәтижесінде 81 пәтер анықталып, олардың жұмысы тексерілуге жіберілді.

Сондай-ақ такси жүргізушілерінің де бағаны негізсіз көтергені жайлы дерек бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір облыста такси қызметін ресми тіркеген 702 жеке кәсіпкер бар. Заңсыз тасымал қызметін көрсеткен 14 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданған.

«Ресей азаматтарының елімізге келуі жерлестерімізге қиындық туғызды. Тұрғындарға көрсетілетін қызмет қымбаттады. Ресей азаматтарына шамадан тыс жоғары баға қойылып, алаяқтық фактілері болды. Такси қызметімен заңсыз айналысып жүргендер заңға бағынбай, тіпті қарсылық көрсеткендері де болды. Жеке пәтерлерді жалға берушілер ақылға сыймайтын іс-әрекеттер жасады. Уақытша екенін білсе де, пайда үшін ұяттан аттап, жерлестерімізді пәтерден шығарып, Ресей азаматтарын 2-3 есе жоғары бағамен кіргізді», - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ ол такси қызметін реттеуді тапсырды.

«Адами құндылықтардан аттап, өз бауырларын далада қалдырғандардың іс-әрекеті сын болды. Ақжайық өңірі жайлы осыдан пікір қалыптасатыны белгілі. Сондай-ақ такси қызметін реттеуді тапсырамын. Оларды ресми тіркеп, тәртіпке шақыру керек», - деді облыс әкімі.

Айтуынша, өңірдегі қауіпсіздік мәселесі бақылауда болады.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама