Зеленский Мариуполь мен «Азовстальдің» бес еріне Батыр атағын берді
Наградталған жауынгерлер Тайып Ердоғанның кепілдігімен Түркияда болады
Украина президенті Владимир Зеленский Мариуполь мен «Азовстальді» қорғаған 5 ержүрек жауынгерге Украинаның батыры атағын берді.
Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина батыры атанған жауынгерлерге «Алтын Жұлдыз» ордені қоса табыс етілді.
Марапаттарды тапсыру рәсімі қазіргі күні қаһармандар тұрып жатқан Түркия елінде болды.
Президент батыр атағымен наградтағандар арасында «Азов» ұлттық гвардиясының полк командирі Денис Прокопенко (шақыру аты Редис), оның орынбасары Святослав Паламарь, 36-жеке теңіз жаяу әскерлері бригадасы командирінің міндетін атқарушы Сергей Волынский (шақыру аты Волынь), «Азовтың» аға офицері Олег Хоменко мен Украина ұлттық гвардиясы 12-бригадасының командирі Денис Шлега бар.
Владимир Зеленский Мариупольді қорғау жөніндегі маңызды жауынгерлік тапсырмаларын абыроймен орындаған әскери қызметкерлерді видеобайланыспен құттықтады.
Мариуполь ерлері осы жерде өз отбасы мүшелерімен де кездесті. Әскери қызметкерлер Украинадан келген әйелдерінің және балаларының ортасында тұрып марапаттарын алды.
21 қыркүйекте 215 украин әскери қызметкері тұтқынға түскен 55 ресейлік оккупантпен және алыпсатар Виктор Медведчукпен алмастырылды.
Алмастырылу кезінде марапатталған ерлер Украина жағына тапсырылды. Олармен бірге Ресей жағы алдында өлім жазасына кесіп қойған «азовтықтар» Николай Кущ (Фрост) пен Константин Никитенко (Фокс) де болды.
«Азовтың» бес командирі президент Тайып Ердоғанның тікелей кепілдігімен Түркияда болады. Украина президенті олардың мұнда соғыс біткенше болатынын айтты.