Halyq Uni логотип
×

Шымкентте қайтарымсыз грант пен АӘК алу үшін пара берген әйелдер ақшасын қайтаруды талап етті

Бір топ әйел әкімдікке қарасты мекеме қызметкеріне 10 млн теңге жинап берген

Шымкентте қайтарымсыз грант пен АӘК алу үшін пара берген әйелдер ақшасын қайтаруды талап етті
Коллаж: Халық үні

Шымкентте қала әкімдігіне қарасты «Халықты жұмыспен қамту орталығында» шу шықты. Жылдың басында бір топ әйел мемлекеттен қайтарымсыз грант, атаулы әлеуметтік көмек пен есепшотына зейнетақы төлемі түсіп жүріп тұру үшін жұмыссыз ретінде тіркелген.

Олар ақша алып отыру үшін бір миллион теңгеге дейін әкімдікке қарасты мекеменің қызметкеріне берген. Алайда арасында бірнеше әйел ғана кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Ал қалғаны сан соғып қалғанын айтады.

«Менің 9 балам бар. Күйеуім айына бар болғаны 100 мың теңге жалақы алады. Ол ештеңеге жетпейді. Сөйтіп жүргенде танысымнан осы «Жұмыспен қамту орталығы» қайтарымсыз грант беретінін, атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) пара беріп алуға болатынын естідім. Алдымен құдашам 120 мың теңге беріп, бір миллион теңге грант алды. Соны көріп, күйеуімнің бір айлық жалақысын АӘК алу үшін бердім. Бірақ бір тиын алған жоқпын. Енді қарыздың астында қалдық», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжан Сарқұлова.

Әйелдер бұл іске туған-туысын да тартқан. Бірі әйелдерден ақша жинап, 10 миллион теңгені орталық қызметкеріне тапсырған. Әйелдер қаражатты ортадағы делдал арқылы «Халықты жұмыспен қамту орталығында» жұмыс істейтін қызметкердің үйіне апарып отырған.

«Зейнетақы төлемі түсіп тұруы үшін жұмыссыз ретінде тіркелдім. Мені 79 мың теңге айлық алады деп көрсетіп, бір жұмысқа тіркеген. Мұның бәрі жалған. Жалақы осындағы бухгалтерияға түсіп тұрады, ал зейнетақы төлемі бізге түседі. Осының бәрін құқық қорғау органдары тексерсін деп полицияға да арыздандық. Бірақ кінәлі деп бір адамды ғана таныды. Ол осы жердің қарапайым қызметкері – Әсем Сүттімбетова. Бұған бірнеше адамның қатысы бар», - дейді Шымкент тұрғыны Гүлвира Дәулетова.

500 мың теңге беріп, 5 миллион теңге алғысы келгендер алданғанын шілдеде білген. Әйелдердің айтуынша, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» қызметкері Әсем Сүттімбетова қолындағы қаржыны қайтарамын деп отырғанда ұсталған. Содан бері әйелдер ақшасын кімнен сұрарын білмей отыр.

«Бұл жерде мекеме басшысының да кінәсі бар. Бар былықты бір адамға аударып қоюға болмайды. Сол құжатқа басқа емес, орталық басшысы қол қояды. Әрі былық басқа емес, осы жерде болды», - дейді Гүлвира Дәулетова.

Ал Шымкенттегі «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары мұндай әрекеттің болғанын мойындады. Ал осы істе кінәлі деп танылған Әсем Сүттімбетова 2022 жылдың шілдесінде қызметінен босатылған.

Оған қатысты Шымкент полиция департаменті «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғаған. Ал күдіктінің тікелей басшысы болған «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының орынбасары тамызда өз еркімен қызметінен кеткен.

Орталық директоры Шахдат Әсеттің айтуынша, бұл әрекеттің қашаннан бері жалғасып жатқаны белгісіз. Орталықта ішкі тексеру жүргізілген.

«АӘК алушы азаматтардың тізімін қарағанда ешқандай азаматтың біздің ақпараттық жүйе арқылы өтпегені анықталды», - деді Әсет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама