Halyq Uni логотип
×

Сахна әдебін бұзған әртістер 6,3 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Мәдениет саласы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

 Халық үні 04.10.2022 | 13:48
Сахна әдебін бұзған әртістер 6,3 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
скриншот: видео

Көрермен алдында өнер көрсететін қазақстандық әртістердің өзін көпшілік алдында ұстауына қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова мәлімдеді.

2020 жылы еліміздің мәдениет саласы туралы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әртістердің концерт және басқа да мәдени іс-шара кезінде сахна әдебін сақтауы, яғни көрермен алдында өзін дұрыс ұстай білуі туралы норма қарастырылған. Одан бөлек, фонограммаға қатысты талап қойылды. Әнші фонограммамен айтатын жағдайда, ол туралы көрерменге ескертуге тиіс. Бірақ, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жазаға тарту немесе айыппұл салу қарастырылмаған.

«Әртістердің сахна әдебін сақтауы мәселесін пысықтап жатырмыз. Атап айтқанда, заңды және жеке тұлғалар үшін 150 АЕК-тен (477 000 теңге) бастап, 2 мың АЕК-ке (6 360 000 теңге) дейін айыппұл салуды қарастырып отырмыз. Бірақ, бұл шара қолданысқа енгізілген жоқ, аталған процедураны қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ бұл мәселені әртістердің өзімен және концерттерді ұйымдастырушылармен бірге талқыладық. Олар қарсы емес, сондықтан аталған өзгерістер жақын арада енгізіледі деп үміттенеміз», - деді министрлік өкілі.

Еске салайық, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобы мен Shiza деген лақап атпен танымал рэпердің концерті өтті. Концерт уақытында топ мүшелері Қазақстанның мелекеттік рәмізі – туға құрмет көрсетпей, сахнада балағат сөздер айтты. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің (Shiza) сахнадағы әрекетін айыптап, заң жүзінде шара қолдануын талап етті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама