×

Буллинг және тұрмыстағы зорлық-зомбылық: елімізде балалардың құқығы қалай қорғалған?

Елімізде 7 миллион бала бар, 3,7 миллионынан астамы – мектеп оқушысы

 Айгерім Таубай 22.03.2024 | 11:34
фото: Halyq Uni

Баланы жолақысын төлемегіні үшін автобустан түсірген көлік жүргізушілері жауапқа тартылады. Ал жолақысын төлемеу жағдайы жүйелі түрде тіркелсе, баланың ата-анасына да шара қолданылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мен ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Балалар арасында қазір буллинг, жәбірлеу фактілері тіркеліп жатыр. Қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырап отырғаны да белгілі. Ата-аналардың балаларының іс-әрекетіне деген жауапкершілігін күшейту үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу қарастырылған. Үлкен қалаларда қыс мезігілінде балаларды автобустан түсіріп кету жағдайы бар. Кейде автобуста жолақысын төлеуге қаражаты жетпей қалуы мүмкін. Ал бұл жағдай баланың қауіпсіздігіне әсер етеді, бала қараңғыда жалғыз қалуы мүмкін. Осы мәселенің алдын алу мақсатында бұл жерде жауапкершілік көлік жүргізуші мен ақы төленгенін тексеретін адамдарға жүктеледі, - дейді оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан.

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, 14 жасқа толмаған баланы автобустан түсіріп кеткен жағдайда жауапкершілікке тарту қарастырылған.

«Автобус жүргізушісі мен жолақысының төленгенін тексеретін азаматты жауапқа тарту көзделген. Дей тұрғанмен бұл жерде ата-ана тарапынан да құқықбұзушылық бар. Шартты түрде алып қарасақ, ата-ананың мұндай әрекетке жүйелі түрде баруы. Мұндай жағдайда ата-ананы да жауапқа тарта аламыз. Яғни, жағдайға байланысты шешім қабылданады. Меніңше, заңға осы бағытта енгізілетін өзгеріс келеңсіз жағдайдың алын алуға оң әсер етеді. (...) Буллингке келсек, оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жұмыс жүргіземіз. Демек, ұсақ әрекеттер мектеп деңгейінде шешіледі. Ал жағдай ушықса, баланың ата-анасына жауапкершілік жүктеледі», - дейді Игорь Лепеха.

Айта кетейік, Қазақстанда 7 миллион бала бар. Оның 3,7 миллионынан астамы – оқушы, 2,5 миллионы – мектеп жасына дейінгі балалар, 500 мыңы кәсіптік білім беру ұйымдарында оқиды.

2024 жылы Қазақстанда бала құқықтары туралы конвенция қабылданғанына 30 жыл толды. Балалардың құқығын қорғауға қатысты елімізде бірнеше құжат қабылданған. Оның ішінде Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бар.

Осы уақыт ішінде еліміз балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда үлкен жолдан өтті. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – балаларды қорғау, қолдау. Болжам бойынша 2027 жылы елімізде балалардың саны 8 миллионға жетеді, - дейді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

«Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль балаларға арналған арнайы психологиялық көмек орталықтарын ашу қажет деп санайды.

Ішкі істер министрлігі және Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен «тергеу кабинеттері» құрылды. Жасөспірімдердің құқығын қорғауға қатысты сұрақтар барысында, оның ішінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты істерде бұл санаттағы балалармен әңгіме осындай арнайы орында жүргізіледі. Демек, тергеуші бұл жерде адвокат және психологпен бірге жұмыс істейді. Ол жерде қылмыс фактісі тіркелгеннен күдіктіге сот үкімі шыққанға дейін көмек көрсетіледі. Ата-аналар, балалар буллингке тап болған кезде құқықтық жағынан дайын емес екенін байқаймыз. Балаларға арналған арнайы психологиялық көмек орталықтарын ашу бастамасын қолдаймын. Себебі барлық бала мектептегі психологқа барып, өзінде бар мәселені айта алмайды. Тіпті кей жағдайда бала болған жайтты ата-анасына айтып бере алмайды. Бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы да мүмкін. Әйел абьюзермен бірге тұру-тұрмауды өзі шеше алады, алайда балаға мұндай құқық берілмеген. Бала қандай да бір көмек қажет екенін түсінген кезде оған құқықтық және психологиялық көмек арнайы орталықтарда көрсетіледі, - дейді «Право» қоғамдық қорының жетекшісі.

UNICEF-тің «балалық шақты қорғау» бағдаралмасының жетекшісі Айсұлу Бекмұса Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты жүйелі реформалар іске асып жатқанын айтып өтті. Оның сөзінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің алдын алуға жұмыс істеу қажет.

«Қазір талқыланып жатқан заң жобасы бірнеше іс-шараны қамтыған, оның ішінде әртүрлі жолмен зорлық-зомбылыққа тап болған балаларға көмек көрсетуге бағытталған. Заңнама – балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы шараның бір түрі. Ең бастысы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу қажет. Екеуі де бір-бірімен байланысты. Себебі анасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, бала да соның куәгері ретінде моральдық, кейде физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Сол себепті алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту маңызды. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда біраз жұмыс қамтылған», - дейді UNICEF-тің «балалық шақты қорғау» бағдаралмасының жетекшісі.

Айта кетейік, 2024 жылдың 21 ақпанында Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатқа сәйкес, енді әйеліне қол көтергендер 8 жылға сотталуы мүмкін. Заңның жаңа редакциясында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылып отыр. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Заң жобасы педофилдерге де ауыр жаза қарастыруды көздейді. Оның ішінде педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама