Тәжік-ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Раджан Батырқановтың отбасына қаржылай көмек көрсетілді
Батырдың анасына естелік медаль табысталды
Семей қаласында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі тәжік-ауған шекарасындағы қарулы лаңкестермен қақтығыста ерлік көрсеткені үшін, өмірін сарп етіп, қызметтестерін құтқарғаны үшін жауынгер-интернационалист, шекарашы батыр Раджан Батырқанов ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы естелік медалімен қаза тапқаннан кейін марапаттады.
Ұйым атынан қаза болған батырдың отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетілді. РҚБ президиумының төрағасы Махмұт Телегусов марқұмның анасына естелік медальді табыстай отырып:
Перзентіңіздің ерлігі - батырлықтың айқын мысалы. Ол тек біздің елде ғана емес, шет елдерде де мойындалған. Раджан марапатталып отырған естелік медаль - ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне аталған. Ол кісі де осындай жаста Кеңес Одағының батыры атанды.
Облыстық Офицерлер үйінде өткен салтанатты шарада офицерлер, солдаттар және жас әскерге шақырушыларға Раджан Батырқановтың ерлік ісі ерекше әсер етті.
Іс-шараны қорытындылай отырып, генерал-майор Махмұт Телегусов «Әділдік жолы» РҚБ-ға алғыс білдірді. Ұйым осыған дейін қол қойылған меморандумға негізделіп, салтанатты басқосудың ұйымдастырылуы және өткізілуіне қолдау көрсетті.
«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаттары – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, әскери қызметкерлер, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын қорғау, қазақстандықтардың ерлігі мен батылдығын насихаттау, Отан қорғаушыларды мәңгі есте сақтау. Осыған орай, «Генералдар кеңесі» келесіде де Отан қорғаушылар мен олардың отбасын қолдау бойынша жұмысты жалғастырады.