«Карантинде көмек берілмеді». Үш баласын терезеден лақтырған әйелдің күйеуі пікір білдірді
Нұрсұлтан Оразов көз жұмған әйелі мен балаларын 24 қарашада Шымкент қаласында жерлейтінін айтты
Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, артынан өзі де секіріп өлген жас келіншектің күйеуі Нұрсұлтан Оразов отбасындағы қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Жұмыссыз болдық, бірақ бақытты өмір сүрдік. Әйелім балалармен үйде отырды, мен базарда жұмыс істедім (разнорабочий). Қазір еш жерде жұмыс істемеймін. Қайғылы оқиға кезінде үйде болған жоқпын. Әйелім ол туралы ештеңе айтқан жоқ. Алты жылдан бері Алматыда тұрамыз. Отбасында бәрі жақсы болатын, - дейді марқұмның күйеуі.
Нұрсұлтан Оразов терезеден секіріп өлген әйелі мен балаларын 24 қарашада Шымкент қаласында жерлейтінін айтты.
Пәтер жалдап тұрдық. Айлығым аз болды. Ата-анам да жұмыссыз, олар Шымкентте тұрады. Жоғары білімім жоқ. Әлеуметтік көмек те берілген жоқ. Карантин күшейтілген кезде де сұраған едік, берген жоқ. Әйелім Халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдікке жүгінді. Ол бәрі көмек беруден бас тартқанын айтты. Үш балам бар еді: үлкені 6-да, ортаншы қызым 5-те, кенже ұлым 2 жаста. Қазір өзімнің де өмір сүргім келмейді, - деді Нұрсұлтан Оразов.
22 қарашада Алматыдағы «Жетісу» шағын ауданыдағы көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы әйел алдымен үш баласын (2015, 2016 және 2019 жылы туған) 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі секіріп өлді.
Әйел мен оның екі баласы оқиға орнында қайтыс болған. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Келіншек өлім алдында хат қалдырып кеткен.
Қазір қайғылы оқиғаның себебі анықтау мақсатында Алматы қаласы Полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Куәгерлердің айтуынша, жас ана алдымен балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Жас келіншек осы үйде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған.
Алматы қалалық Полиция департаменті қайғылы оқиғанын алдын-ала себебі ретінде жұбайлар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болғанын хабарлады.