×

Енесінен ажыраған итбалық күшіктері аштан өлуі мүмкін – министрлік

Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың жаппай қырылу себебін нақты атай алмады

 Ая Өміртай 01.07.2022 | 17:03
Коллаж: Halyq Uni

Каспий теңізінің жағалауынан табылған итбалықтардың өлексесі жидіп кеткендіктен, мамандар токсинологиялық және вирусологиялық тиісті сынамаларды ала алмаған. Сондықтан Экология министрлігі бірнеше болжамды себептерін ұсынды.

Ол өңірде 2021-2022 жылы қыс тым жылы болды. Мұздың жарылуынан, ашық теңізге ертіп шыққан күшіктері енелерінен ажырап қалып, зорығып өлуі мүмкін, - деді Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов.

Оның айтуынша, экологтар итбалықтардың денесінен механикалық зақымдануын анықтаған. Комитет төрағасы итбалықтарды заңсыз құрылған балық ауларына түсіп қалуы мүмкін екенін жеткізді.

Ау құралдары бекіре тұқымдас балықтар үшін құрылады, бірақ кейде итбалықтар торға түсіп қалады. Сондай-ақ Қашаған маңындағы тереңдету жұмыстары көктем мезгілінде басталғандықтан, итбалықтардың қырылуына қатысы жоқ, - деді ол.

Одан бөлек министрлік өкілдері брифинг барысында итбалықтардың қырылуын мұнай таситын кемелердің табанына түсіп қалуымен де байланыстырды.

Алайда ведомство өкілдері мәселенің нақты себептерін атай алмады.

Айта кетелік, жуырда Каспий жағалауынан барлығы 220 өлексе табылған болатын. Оның тең жартысы жаңа туған итбалықтар.

Президент Тоқаев Ашхабадта өткен Каспий саммитінде итбалықтар мәселесін атап өткен болатын.

«Біздің ортақ теңіздің экологиялық проблемалары туралы айта отырып, мен Каспий итбалықтарының ауыр жағдайын айтпай кете алмаймын. Олардың мерзімді өлім факторы қатты алаңдаушылық тудырады. Каспий итбалығы Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі балықтың бірі», - деді Тоқаев.

Мамандардың есебінше, Каспий аумағын мекендейтін итбалықтардың саны 100 мың мен 300 мың аралығында. Каспий жағалауы елдерінің бірлескен шешімімен итбалық қызыл кітапқа енгізілген. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама