×

Азық-түлік бағасын реттеуде жемқорлықтың жолын кесу қатаң қадағаланады

Тауарлар тікелей қазақстандық нарыққа делдалдарсыз және неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізіледі

 Динара Амантай 04.05.2024 | 14:57
Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

4 мамырда Антикорда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жекелеген мәселелері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шара қабылдап жатқанын атап өтті. Бұл мәселе әсіресе су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін өзекті.

Атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстаннан жеткізушілерден ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей жеткізу мүмкіндіктері пысықталды. Тауарлар тікелей қазақстандық нарыққа делдалдарсыз және алып сатушыларсыз және неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізілетін болады.

Осыған байланысты Асхат Жұмағали аумақтық бөлімшелерге жемқорлық тәуекелдері мен көріністерін болдырмау мақсатында аталған процестерге мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары кез келген жемқорлық құқықбұзушылықтың, оның ішінде заңсыз пайда алуға бағытталған түрлі құқыққа қарсы схемаларды құруға байланысты құқықбұзушылықтардың жолын кесетін болады.

Баға белгілеуге теріс әсер ететін жемқорлық факторларына, оның ішінде тараптардың үлестестігіне, мемлекеттік аппарат тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер құруға, нарыққа жосықсыз қатысушылар тарапынан айла-шарғы жасауға және теріс пайдалануға ерекше назар аударылатын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама