×

Кентау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлінді

Осы арқылы тұрғындарды жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берілмек

 Динара Амантай 30.04.2024 | 10:53
фото: Orda.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, Кентаудағы ЖЭО-5-тің №7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын реконструкциялауға 9 млрд теңгеден астам, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,9 млрд теңге, ал Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың 3 бу қазандығын жаңғыртуға 2 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Осылайша, аталған жылу көздерін жаңғыртуға жалпы көлемі шамамен 16 млрд теңге бағытталып отыр.

Қабылданып жатқан шаралар алдымыздағы жылыту маусымында Кентау, Риддер және Қызылорда тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Жалпы, еліміз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногор, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларындағы 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар инвестициялық келісімдер аясында қазір Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған.

Жоғарыда аталған барлық жобаны іске асыру ортақ жиынтығы 1500 МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама