×

«Дамылсыз жұмыс істедік»: СҚО-да 21 күн бойы тасқынмен күрескен өскемендік құтқарушы

Ол КамАздың «тілін» жақсы түсініп, қыр-сырын әбден меңгерген

 Халық үні 27.04.2024 | 21:59
Фото: ШҚО ТЖД

Солтүстік Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға ШҚО-дан аттанған құтқарушылардың бірі – Денис Лынов. Ол әріптестерімен бірге халықты су басқан жерлерден эвакуациялады.

Денис Лынов төтенше жағдайлар жүйесінде 8 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Шығыс Қазақстандағы 2018 жылғы су тасқынының зардабын жоюға қатысып, адамдарды құтқаруға көмектесті.

Жақында ол Солтүстік Қазақстан облысынан оралды. Онда әріптестерімен бірге халықты су басқан жерлерден эвакуациялады.

«Біз Амангелді ауданында жұмыс істедік. «Шерп» көлігімен тұрғындарды қауіпті аймақтан шығардық. Тәулік бойы дамылсыз жұмыс істедік. Кейде 1,5 метрге дейін көтерілген суды еңсеруге тура келді. 30-ға жуық азамат, оның ішінде балалар мен ауыр науқастарды эвакуацияладық. Сондай-ақ гуманитарлық жүкті жеткізіп отырдық. Барлығы 21 күн бойы қызмет атқардық. Менің ойымша, біз алдымызда қойылған міндеттерді орындап шықтық», - деді ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Денис Лынов.

Денис Лыновтың әріптестері оны кез келген кедергілерді жеңе алатын кәсіби құтқарушы-жүргізуші ғана емес, тамаша механик екенін айтады. Ол КамАздың «тілін» жақсы түсініп, қыр-сырын әбден меңгерген. Жасақ қызметкерлерінің айтуынша, Лыновпен бірге отқа да, суға да бару қорқынышты емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама