×

Ауылдағы мектептерге Starlink терминалы жіберілді – министрлік

Интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с болады

 Дастан Жұмабекұлы 25.04.2024 | 16:17
Фото: gagadget.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдің 3 аймағына 250-ге жуық Starlink терминалын жіберді. Осылайша, Ақмола облысына 138, Жамбыл облысына 53 және Жетісу облысына 55 терминал жеткізілді, деп хабарлады ведомство.

Жақын арада осы өңірлерде терминалдарды қосу жоспарланып отыр.

Бүгінде еліміз бойынша ауылдардағы 502 мектеп Starlink технологиясын қолдана отырып, интернетпен қамтамасыз етілген. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі облыстық әкімдіктердің сұраныстарына сәйкес, су тасқыны аймағындағы өңірлерге 48 Starlink терминалын жіберді. Министрлік Қостанай облысына 30 терминал, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарына 3 терминалдан, Ұлытау облысына 1 кешен, Атырау облысына 6 терминал, Шығыс Қазақстан облысына 2, СҚО-ға 3 терминал жіберді. Starlink алдымен үздіксіз оқу процесін қамтамасыз ету үшін облыс мектептерін жабдықтайды, – делінген хабарламада.

Айта кетсек, өткен аптада министр Бағдат Мусин SpaceX дүниежүзілік байланыстар және белсендіру жөніндегі директоры Ребекка Хантермен кездесті. Тараптар елімізде Starlink технологиясын кеңейту, ауылдық мектептерді кең жолақты интернетпен жарақтандыру, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ SpaceX өкілдері Шұбар ауылындағы Starlink-ке қосылған мектептердің біріне барды.

Цифрлық даму министрлігі өңірлердің ауылдық мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Алдағы уақытта басқа аймақтарға қосымша Starlink терминалдары жеткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама