×

Жаңаарқа жайылымында өлексесі табылған жылқылар базада тіркелмеген – АШМ (ВИДЕО)

Жайлымда қырылып қалған 67 бас жылқының иелерін де анықтау мүмкін болмады

 Дастан Жұмабекұлы 04.03.2024 | 12:03
Фото: facebook.com/ Ерлан Төлеутай

1 наурызда Ауылшаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Б. Аймұрзаев пен ведомствоның Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы М. Мұхтаров жылқылардың жаппай қырылу себебін тексеру үшін Ұлытау облысына барды, деп хабарлады ведомство.

Олар Жаңаарқа ауданында ауа райының қолайсыздығынан, былтырғы желтоқсан мен биылғы ақпан айында қалың қар, даладағы аяз бен жайылымдарда қатқан мұздан жылқылардың тебіндеуі қиынға соққанына көз жеткізіп қайтты. Боран мен аязға тайлар мен кәрі жылқылар шыдай алмаған. Жылқыларды сәйкестендіру базасының дерегі бойынша қазір ауданда 84,3 мың бас жылқы тіркелген. Жаңаарқа кенті мен Қаражал қаласы арасындағы автокөлік жолының бойынан өлексесі табылған 23 бас жылқының сәйкестендіру нөмірі болмай шықты. Өлекселер мал қорымына жеткізілді, – делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, Жаңаарқа ауданынан сәйкестендіру нөмірінсіз тағы 44 бас жылқы табылған. Осылайша, жайлымда қырылып қалған 67 бас жылқының иелерін де анықтау мүмкін болмады. Аудандық ветеринарлық станцияларға жылқылардың өліміне қатысты иелерінен әлі ресми түрде өтініш түспеген.

Осы ретте АШМ Ұлытау облысында 2 мың бас және Жаңаарқа ауданында қолда бар мал басының жартысы өлді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Қазір ауылдардағы ветеринарлық дәрігерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлар өлген жылқыларды жинап, олардың өлексесін жойып жатыр. Бұл жұмыс Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ұлытау облысындағы аудандық аумақтық инспекцияларының қадағалауында болады, – делінген материалда.

Кеше Жаңаарқадағы жылқы малының жаппай қырылып жатқаны туралы белгілі өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай халықтың жанайқайын айтып, дабыл қаққан еді. Ол айдың-күннің аманында Жаңаарқаға жұттың жеткенін, туған ауылы Байдалы би ауылында болғанында жылқының қырылып жатқанын, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналғанын өз көзімен көргенін, тұтас үйірлер жоғалып, із-түзсіз кеткенін, шөп бағасының өзі  тоннасына 120 мыңға шарықтап кеткенін айтты. Осыған байланысты ол Үкіметтің Ұлытау облысына, әсіресе, Жаңаарқа ауданына төтенше жағдай жариялау керектігін, барша халық осы мәселеге үн қосып, елдің жағдайына назар аударуы қажеттігін өтінді.

Ерлан Төлеутайдың жазбасына Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев жауап беріп, мәселенің тиісті деңгейде шешілетінін хабарлады. Ол аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлескен шаралар қолға алынып, шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осы орайда әкім Кеңес Одағы кезінде қыста жылқының жаппай қырылуына мемлекет тарапынан жол берілмегенін, өйткені, мал толығымен мемлекеттік меншікте, яғни ортаның малы болғанын айтып, қазіргі жағдай мен КСРО кезіндегі жағдайды мүлде салыстыруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, қазір жылқы малы – толық жеке меншік иелерінде. Сондықтан оларды базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.

Одан әрі ол шөп тоннасының бағасы 120 мың теңге деген деректің де шындыққа жанаспайтынын, қазір Қызылорда мен Шымкент жақтан жоңышқа жеткізіліп, сатылып жатқанын атап көрсетті.

Аудан ішінде шөп қоры бар, шаруашылықтар тоннасын 35-60 мың аралығында сатып жатыр. Кебек қоры жеткілікті. Олар әр пунктте қабы 1 350-1 450 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігі жем-шөп бағасын көтермеу үшін кәсіпкерлермен келісімге келу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы, Жаңаарқа ауданында агроөнеркәсіптік кешенінде 12 ЖШС, 987 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен бекіткен ережесіне сайкес, талапқа сай келетін шаруа қожалықтарына облыстық бюджет есебінен ауданымыздың 584 шаруа қожалығына жем-шөп шығынын өтеу үшін барлығы 749 млн 294 мың теңге көлемінде субсидия берілді.

Жаңаарқа ауданына қарасты шаруа қожалықтарына субсидия үлестіруді Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы іске асырады. Ол үшін  EGov электронды үкімет порталы арқылы өтінім беруге болады», – деді әкім.

Ал жазба авторы Ерлан Төлеутай жергілікті халық пен билік органдары жұттың алдын алу шараларына кеш кірісіп, дер кезінде қимылдамай, мал басын аман сақтап қалуға болатын бар мүмкіндікті жіберіп алғанын атап өтті. Оның пікірінше, енді осы проблеманы тек кешенді шаралар қолдана отырып, бірнеше жылда шешуге болады. Бірақ мұны шешуге Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі құлықсыз. Себебі министрлікте елдің ішінен шыққан, мал шаруашылығын бүге-шігесіне дейін білетін мамандар жоққа тән.

Ал шөптің тоннасы 120 мың теңге дегенге келсек, кешелі-бүгінді бірнеше мал иелерімен сөйлестім. Айтуларынша, олар шөптің әр рулонын 20 мың теңгеден сатып алып жатыр. Ал әр руллон 200 келі тартатын көрінеді. Яғни 5 рулон шөп – 1 тонна. Бұл – 100 мың теңге. Алайда кей рулондарға 200 келі жетпейді, ішінде тіпті 150 келі тартатын жалған рулондар кездесетін көрінеді. Сонда орта есеппен 1 тонна шөп 120 мыңға шығады дейді мал иелері. Мен бұл сөздерге сенемін. Өйткені алыпсатарлардан мұндай қиын-қыстау сәтте бәрін күтуге болады, – деді ол.

Ол тоқетерін айтқанда, жылқының қырылуында екі жақтың, яғни жергілікті билік пен мал иелерінің өз шындығы бар екенін, халық билікті, билік халықты кінәлап жатқанын айтып, мәселені тек кешенді шаралар қолдана отырып шешуге болатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама