Утилалым төмендесе көлік бағасы арзандай ма? Министр автонарықта нендей өзгеріс болатынын айтты
23 ақпанда Қазақстанда утилизация алымының мөлшері жарияланады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев утилизация алымының өзгеруі көлік бағасын азрандатпайтынын айтты.
«Өзімізден шыққан көліктерге бір тиын да утилизация алымы төленбейді. Былтыр 105 043 жеңіл көлік сатылса, оның 64 пайызы өзіміздің өнім болғандықтан, утилизация алымы төленген жоқ. Трактордың 89 пайызы, комбайндардың 88 пайызы, автобустардың 74 пайызы өзімізде шыққан. Сол себепті өзімізден шығатын өнімдердің бағасына утилизация алымының ешқандай әсері болмайды. Яғни, баға сол күйінде қалады», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Одан бөлек, Индустрия министрі утиль алым саясатының өзгеруі шетелде өндірілген көліктің бағасына неге әсер етпейтінін түсіндірді.
Шетелден келетін көліктердің бағасы да ертеңінде түседі деп айтуға еш негіз көріп отырған жоқпын. Мысалы, жол талғамайтын қымбат көлік әкелсе, өз қалтасына салатын құны өседі де, халық үшін арзандамайды деп ойлап отырмын, - деді министр.
23 ақпанда Қазақстанда автомобиль және ауыл шаруашылығы техникалары үшін утиль алым мөлшерлемесі жарияланады. Ал кабель-өткізгіш өніміне кәдеге жарату алымын алуды 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданды.