Елдегі бүлік: Алматы облысының бизнесі қандай күйге түсті
Алматы облысында бүлік салдарынан кәсіпкерлерге 8,5 млрд теңге залал келді
12 қаңтардағы деректерге сай, Алматы облысында 120-ға тарта зардап шеккен бизнес субъектісі анықталды. Талдықорған қаласы, Қарасай, Жамбыл, Ақсу аудандарындағы нысандар зардап шекті. Алдын ала есептеулерге сай, келтірілген залалдың жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеден асып отыр.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, облыс орталығында «Қарағаш» сауда үйі мен ондағы 5 бутик, 3 Sulpak тұрмыстық техника дүкені, 2 Technodom техника дүкені, Small супермаркеті, полиция департаменті мен облыс әкімдігінің асханалары, екі жанармай құю стансасы зардап шекті. Қарасай ауданында «Апорт» сауда және ойын-сауық орталығындағы 70-ке жуық дүкен мен бутик және «Алтын орда» базарының 20-ға жуық сауда дүкені, сондай-ақ екі жанармай бекеті, ал Ақсу ауданында 1 кәсіпорын, Жамбыл ауданында бір жанармай құю стансасы және т.б. нысандар тоналып, оларға залал келді.
«Атамекен» ҰКП Сall-орталығы 24/7 режимінде кәсіпкерлерден қоңыраулар қабылдайды. Алматы облысында тонаудан зардап шеккен және форс-мажор туралы куәлік ресімдегісі келетін 140-тан астам кәсіпкер хабарласты. Қызметкерлеріміз күн сайын Талдықорғанда және аудан орталықтарында кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып, аралап жүр. Қажетті кеңестер мен құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Осы тұста бизнес өкілдеріне алдағы уақытта шығын көлемін дәлелдеу үшін, уәкілетті органдардан немесе жеке бағалау компанияларынан келтірілген залал туралы қорытынды алмай, зардап шеккен нысандарды ретке келтірмеуге кеңес береміз, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
ЖАЛПЫ БИЗНЕС ШЫҒЫНЫ
Бүгінгі ақпарат бойынша, Қазақстандағы бизнес шығыны 103 млрд теңгеден асты. Соның ішінде Алматы қаласында – 102,2 млрд теңге.
Елдің 11 өңірінде 1615 зардап шеккен бизнес-субъект анықталды. Cоның ішінде 1506 субъект Алматы қаласында орналасқан.
Зардап шеккен бизнес салалары: сауда – 1482, қоғамдық тамақтану – 44, қаржы секторы – 61, логистика – 23, БАҚ – 5.
11 аймақ бизнесіне залал келген. Олар:
- Алматы қаласы;
- Алматы облысы;
- Шымкент қаласы;
- Жамбыл облысы;
- ШҚО;
- Қызылорда облысы;
- Атырау облысы;
- Қарағанды облысы;
- Павлодар облысы;
- Маңғыстау облысы;
- Ақтөбе облысы.