×

Гидротехникалық нысандар қаржысының жымқырылуы: күдіктілер қамауға алынбаған

Олардың арасында шенеуніктер мен кәсіпкерлер бар

 Дәурен Ерболат 24.04.2024 | 12:30
фото: Halyq Uni

Бүгінде гидротехникалық нысандарды күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдікке ілінгендер қамауға алынбаған. Бұл туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше агенттік гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттан 1 млрд теңге жымқырылғанын хабарлаған болатын.

ҚМА мәліметінше, Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында бюджет қаржысын жымқыру белгілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған. 5 адам күдікті деп танылған. Залалдың жалпы сомасы – 1 млрд теңге.

Жеңіс Елемесов күдіктілер арасында шенеуніктер де болғанын жеткізді. Бірақ олар қамауға алынбаған.

Бұл қаржы гидрологиялық нысандарды күтіп ұстауға бұрын бөлінген. Оның қазір бөлінген 140 млрд теңгеге қатысы жоқ. Бүгінде тендер алған кәсіпкерлер мен актіге қол қоюға қатысқан лауазымды тұлғалар – күдіктілер қатарында. Әзірге ешкім тұтқындалған жоқ, - деді басшы Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, бүгінде қылмыстық іс қаралып, күдіктілер тергеліп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.

Сондай-ақ Жеңіс Елемесов күдіктілерге нақты айып тағылмағанын жеткізді.

Біз бұлтартпау шарасын әлі таңдаған жоқпыз. Оны таңдау үшін қылмыстың санатын көрсету керек. Тергеу барысында біз барлық фактіні анықтаймыз. Осыдан кейін нақты адамдар мен қылмыстық санаты айқындалады, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама