×

Бұл сотта отбасымыздың тағдыры шешіледі – Байжановтың әйелі

Сотталушы Байжановқа қылмыстық кодекстің 432-бабы («қылмысты жасырып қалу») бойынша айып тағылған 

 Айгерім Таубай 03.05.2024 | 17:23
Фото: Halyq Uni

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз жалғасып жатыр.

Жарыссөзде Байжановтың әйелі Айнұр Көлдеева сөйледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қандай жағдай болса да әйелге қол көтеруге түбегейлі қарсымын. Адам өлтіру – өте қорқынышты жағдай. Бақытжанмен (Байжанов – ред.) 2016 жылдан бері заңды некедемін, екі ұл, 7 айлық қызымыз бар. Ұлым әкесінің қайда, не істеп жүргенін білмейді. Бақытжан тергеу изоляторында отырғалы балаларын, ата-анасын қатты уайымдап, мұндай жағдайға қалай түскенін ойлап отырады. Бақытжан екеуміз осы уақытқа дейін бір-бірімізге дауыс көтеріп, ренжіскен емеспіз. Бақытжан – өте тәрбиелі, иманды, қамқор, жұмысына адал. Қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Ол сол күні Салтанаттың қиын жағдайда екенін түсінбеді, ағасының айтқанына сеніп, «ұйықтап жатты» деп сеніп жүре берді. Бишімбаев – үлкен ағасы, әрі жұмыс берушісі. Менің ойымша жұмысшы бастығының айтқанын ешқандай сұрақсыз орындайды. Бақытжанның аңқаулығы, ағасына деген аса құрметі, Салтанаттың жалаңаш түріне аса мән беріп қарамауы... Сондықтан жазықсыз жазаламауды өтініп сұраймын, - дейді Байжановтың әйелі.

Айтуынша, Байжановтың қателігі – дер кезінде Салтанатқа көмек бере алмауы, жәдел жәрдемге ертерек хабарласпауы, бейқамдық танытқаны.

Күйеуімнің орнында кез келген адам болуы мүмкін. Бұл біздің отбасымызға берілген үлкен сынақ. Жолдасым ағасының айтқандарын жасап, мән бермей, әрі білмей жасаған қателігі үшін кешірім сұраймыз. Бұл сотта тек Бақытжанның емес, біздің отбасымыздың тағдыры шешіледі. Балаларымыздың әкесіне деген шексіз махаббатынан айырмауларыңызды сұраймын, - деді Байжановтың әйелі.

Айта кетейік, 2024 жылдың 2 мамырында Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөз басталды

Серіктес жаңалықтары

Сараптама