×

Мажарстанда асық ойынына қызығушылар көбейіп жатыр – федерация

Олар ұлттық ойынымызды көріп, ұмытылған ойындары естеріне енді түсіп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 25.04.2024 | 18:08
Фото: Асық ату федерациясы

Соңғы кезде Мажарстан Республикасында асық ату ойынына қызығушылар көбейіп келеді. Спорттың бұл түрін дамыту ісі де қолға алына бастапты. Бұл туралы Асық ату федерациясына Мажар-қазақ мәдени ұйымының басшысы Жанаргүл Көпжасарова айтып берді.

Федерацияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Жанаргүл Көпжасарова Мажарстанда бірнеше жылдан бері тұрады. Ол Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туып-өскен. Ал анасы Атырау қаласында тұрып жатыр. Қазір Мажарстанда 50-ге жуық қазақ тұрады. Оның көбі – осы жақта білім алып жатқан студенттер. Наурыз айында Жанаргүл Көпжасарованың өзі құрылтайшы болып, Мажар-қазақ мәдени ұйымын ашқан. Ұлттық ойындарымыз – тоғызқұмалақты былтырдан бері, асық ату мен бес асықты 2-3 ай көлемінде дамытып жүр.

Жалпы, мажарларда бұрын қазақтың асық ойынына өте ұқсас капузаш және биказаш деген ойындар болыпты. Бір қызығы, олар асықпен емес, таспен ойналады екен. Бірақ үлкендер жағы болмаса, қазіргі мажар жастары ол ойындарды білмейді. Олар біздің ұлттық ойынымызды көріп, ұмытылған ойындарын естеріне енді түсіріп жатыр.

Мажарстанда Жанаргүл Көпжасароваға асық ойынын дамытуға көмектесіп, асық атудан Көшпенділер ойындарына дайындалып жүрген Балаж деген жігіт өз елінің туын бейнелеп, асық жасап шығарды. Қазір мажарлар мен сол елде тұратын қандастар сол асықтармен ойнап жүр. Жақында Қазақстаннан Жомарт Сабыржанұлы асық жиынтығын беріп жіберді. Осыған Мажарстанда асық ату ойынын ойнап жүрген барша азамат қуанып, мажарлардың асық ойынына деген қызығушылықтары арта түскен. Тимеа атты мажар қызы бес асықтан шәкірттер тәрбиелеп жүр. Бұдан бөлек, ол мажардың ситера деген ұлттық аспабымен қазақтың әндерін айтып, күй тартады.

Жанаргүл Көпжасарова бізге осындай жағымды жаңалықты қуана жеткізді. Енді ол 8-14 қыркүйекте Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына асық ату спортынан команда алып келгісі, сөйтіп мажарларға асық ойыны қалай ойналатынын көзбе-көз көрсеткісі келеді. Алайда жарысқа келетін қаржы таба алмай жатыр екен. Жанаргүл сөз соңында егер бізге Көшпенділер ойындарына келуімізге демеушілік көмек көрсететін азаматтар табылып жатса деген өтінішін білдірді. Мажарстанда оларға қолдау көрсететін бизнесмен қазақтар жоқ көрінеді. Жанардың ендігі үміті – өзіміздің қалталы азаматтар мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығында.

Мажар елінде қазақтың ұлттық ойындарын дамытып, болашақта федерация ашамын деп жүрген қазақ қызына көмек қолын созатын азаматтар міндетті түрде табылады деген сенімдеміз», – деп хабарлады Асық ату федерациясының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама