×

Тасқыннан зардап шеккендердің несиесін кешіру керек - Алтай Абибуллаев (ВИДЕО)

Ол жалпыұлттық апаттың салдарын шешу үшін жаңа Ұлттық қор құру қажет деген пікірде

 Халық үні 25.04.2024 | 17:30

Су тасқынынан зардап шеккен ағайын баспанамен қамтамасыз етіліп, шығын болған мал-мүлкі есептеліп, өтемақы беріле бастады.

Қоғам қайраткері Алтай Абибуллаевтың айтуынша, бұл тасқын елдегі сақтандыру жүйесінің өте төмен деңгейде екенін көрсеткен. Сондықтан алдағы уақытта азаматтар үйін, малын, дүние-мүлкін сақтандырғаны абзал.

Сондай-ақ Алтай Абибуллаев Қазақстанның құрылыс саласына да табиғи апаттарға төтеп бере алған елдердің тәжірибесін енгізу қажеттігін айтады. Мысалы, Жапонияда инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді цунамиге, жер сілкінісіне бейімдеп салады.

Қазір әлемде жылу температурасы көтеріліп келе жатыр. Азон қабаты жұқарғандықтан жерге түсетін күн радиациясы молайды. Нәтижесінде қар мен жаңбыр көбейді. Бізге енді мықты гидротехник мамандар қажет. Ол үшін Тараз қаласындағы гидротехника институтын қалпына келтіру керек. Сондай-ақ Қазгидрометтің жұмысын күшейтіп, ол мекемеге тағайындалатын басшыға қатал талап қоймасақ, су тасқынымен тағы да бетпе-бет келеміз, - дейді ол.

Сонымен қатар, Алтай Абибуллаев жылдар бойы суы аз болған өзендердің табанындағы арналар кішірейіп кеткенін, сондықтан да арнасына сыймай тасығанын айтты.

Енді жалпыұлттық апаттың салдарын шешу үшін жаңа Ұлттық қор құру қажет. Сондай-ақ мемлекет зардап шеккен азаматтарды салықтың барлық түрінен босатып, ал банктер олардың несиесін кешірсе, ауыз толтырып айтарлық көмек сол болар еді, - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама