×

БҚО тұрғыны мұғалімдікті қойып, жеке кондитерлік өнім өндірумен айналысып кетті

Бұл жоба ерекше шоколад өнімдерін шығарады

 Еркеғали Болатұлы 21.01.2024 | 14:51
фото: видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысында былтыр кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 137 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты берілді. Оның көмегімен 33 адам кәсібін өркендетті, деп хабарлады 24.kz.

Солардың қатарында Шолпан Құспаева да бар. Мұғалім мамандығын кондитерлікке алмастырған кәсіпкер мемлекеттің қолдауы арқасында шоколад студиясын ашқан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, филология ғылымының магистрі атанған Шолпан Құспаева «кондитерлікке бет бұрып, шоколадқа шомылам» деп ешқашан ойламапты. Алайда отбасында ерекше бала дүниеге келуіне байланысты өмірі күрт өзгерген. Үнемі үйде отыруға мәжбүр болған. Бос уақытында біртіндеп тәтті жасауды үйренген. Тапсырыстар көбейіп, былтыр бизнес-жоспарын әзірлеп, 5 миллион теңгенің грантын ұтып алған.

Жабдықтарды біз Ресейден алдырттық. Қазір 3D принтерге тапсырыс бердік. Сонда шоколадтың ішіндегі түрлі салындысын жасауға мүмкіндік болады. Қазір негізінен нутелла пастасын әкеліп, соны қолданып жүрсек, келешекте арахис пастасын, пралинені өзіміз жасаймыз, – дейді кәсіпкер.

Ал әзірге өнімдер қолдан жасалады. Тек қана табиғи ингредиенттер қолданылады. Шоколад студиясындағы қызметкерлер тәттімен жұмыс істеудің тәтті тұстары көп екенін айтады.

Мында шоколадты дайындаймыз, сосын қалыптарға құямын, «оформление» жасаймын. Шығармашылық жұмыс, өзіме өте қызықты. Әркімге де қызықты деп ойлаймын және өзімнің жаныма жақын жұмыс деп те айта аламын. Бір нәрсе жасағасын, басқа бір идеялар келіп, фантазиямызға байланысты неше түрлі тәттілер шығарып жатырмыз, – дейді технолог Алтынай Құспаева.

Шолпанның шоколадтарын кейде сыйлық түрінде шетелге де әкетіп жатады. Ол болашақта кәсібін кеңейтуді армандайды. Бұл мақсатына жетуге былтыр ұтып алған мемлекеттік грант көмегін тигізген. Кәсіпкерлікті дамытуға берілетін қайтарымсыз гранттың арқасында былтыр өңірде 33 адам өз ісін ашқан.

2023 жылы ұлттық жоба аясында жалпы 2 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның ішінде гранттық қаржыландыруға 137 млн теңге бөлінді. Ол жобалардың 70%-ы – ауылдық кәсіпкерлерге тиесілі. Соның ішінде «Тәтті ме?» компаниясының жобасы мақұлданған болатын. Бұл жоба ерекше шоколад өнімдерін шығарады, – деді БҚО кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Мейрам Қабдығалиев.

Облыста 58 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі болса, бұл салада 120 мыңдай адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдауға 2,1 миллиард теңге бөлінбек. Оның 142 миллион теңгесі гранттық қаржыландыруға бағытталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама