Депутат жұлынған қызғалдаққа салынатын қомақты айыппұлды алып тастауды ұсынды
Бұл гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген
Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев қызғалдақ пен лотос гүлдерін жұлғаны үшін салынатын қомақты айыппұлды алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол адамдар өсімдіктердің сирек кездесетін түрін білмейтінін, салынған айыппұлды төлей алмайтынын атап өтті.
Қылмыстық кодекстің 335, 336-баптары бойынша жаза қатал. Бүгінде азаматтарымыз жабайы қызғалдақтар мен лотостарды жұлғаны үшін миллиондаған айыппұл төлейді. Көптеген гүлдің Қызыл кітапқа енгізілгенін де білмейді, - деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде жабайы қызғалдақты жұлған адам ұсталып, оған 8 млн теңге айыппұл салынған.
Ол айыппұлды төлеуі үшін кредит алған. Осындай адамдар үшін жазаны жеңілдету қарастырыла ма? Тіпті, жабайы қызғалдақ пен лотосты Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер тізімінен алып тастау керек шығар, - деді Мәди Елубаев.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Конституцияның 38-бабына сәйкес Қазақстанның барлық азаматы табиғатты сақтауға міндетті екенін айтты.
«Санкция тек құқықбұзушыларға қолданылады. Сіздің ұсынысыңызды жұмыс тобы аясында қарастыруға дайынбыз», - деді министр.