Halyq Uni логотип
×

Жаппай тәртіпсіздік: шетелде қалып қойған мыңға жуық турист елге қайтарылады

Қазақстандық туристер жаппай тәртіпсіздік, төтенше жағдай режимі мен әуежайлар жұмысының тоқтауы салдарынан елге орала алмаған болатын

 Халық үні 14.01.2022 | 16:30
Жаппай тәртіпсіздік: шетелде қалып қойған мыңға жуық турист елге қайтарылады
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда төтенше жағдай енгізілген кезден бастап қазақстандықтарды демалыс орындарынан қайтару ситуациясына «Атамекен» ҰКП мониторинг жүргізді.

Елімізде 5 қаңтарда төтенше жағдай енгізілген сәтте БАӘ, Таиланд, Шри-Ланка, Мальдив аралдары, Гоа, Түркия, Доминикан аралдарының курорттарында туроператорлар арқылы ұшқан және қолында туркод бар 7636 отандасымыз демалып жатқан. 

«Туристік Қамқор» корпоративті қордың 2022 жылғы 13 қаңтардағы мәліметі бойынша, демалысқа ұшып кеткен жаңа туристерді қоса алғанда шетелде 3615 адам бар. 13 қаңтарда Қор елге 717 туристі жеткізді, 14 қаңтарда тағы 492 адамды, 15 қаңтарда 367 туристі қайтару жоспарланған.

Шетелде қалған туристерді елге қайтару Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы арқылы іске асырылып жатыр. Онда «Туристік Қамқор» КҚ және туроператорлардың күшімен туристер трансфері, оларға уақытша орналастыру орындары ұсынылды. Қазақстан қалаларына теміржол билеттерін сатып алуға жәрдем көрсетілді. Әуежай мен теміржол вокзалы арасында қатынайтын арнайы автобус іске қосылды. Сонымен қатар Алматы қаласында бүліктен кейін 13 қаңтарда Шри-Ланкадан қазақстандықтарды әкелген алғашқы рейс қонды.  

Осы ретте «Атамекен» ҰКП туристік нарық, әуекомпаниялар, сақтандыру нарығы, уәкілетті органдар тарапынан пандемия және ТЖ кезінде саяхаттайтын туристер, сондай-ақ туроператорлар мен турагенттер үшін тәуекелдерді төмендету бойынша қосымша шараларды бірлесіп әзірлеу қажеттігін атап өтті. Шетелде туроператорлар қызметін пайдаланбай, саяхаттап жүрген туристерді шұғыл қайтару механизмі пысықталуы керек, – деді ҰКП.

Бұған қоса әлемде және Қазақстанда коронавирустың өршуіне байланысты 15 қаңтардан бастап Қазақстанға сырттан келу ережесі қатаңдатылды. Шетелден келген жолаушылар шекарадан өткенге дейін кемінде 72 сағат бұрын жасалған ПТР-тестінің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті. Бұл ретте жолаушыда COVID-19-ға қарсы вакцинаның толық курсының болуы есепке алынбайды. Анықтама қазақ, ағылшын, немес орыс тілінде болуы шарт. Бес жасқа дейінгі балалардан оларды алып жүретін адамдарда анықтама болған кезде ПТР анықтама сұралмайды. Егер теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасы болмаған жағдайда Қазақстан азаматтары және ҚР аумағында тұруға рұқсаты бар тұлғалар ұшып шығу әуежайынан бортқа жіберілмейді.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Президент «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама