×

Төтенше жағдай режимін бұзғандар қалай жазаланады

Бас прокурор орынбасары Болат Дембаев үндеу жасады

 Халық үні 05.01.2022 | 13:30
фото: ашық дереккөзден

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен Алматы қаласы мен Маңғыстау облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді. Кейін Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды.

ҚР Президентінің жарлықтарына сәйкес, төтенше жағдай қолданылатын кезеңде ол енгізілген жерде мынадай негізгі шаралар мен уақытша шектеулер көзделген:

  • еркін жүріп-тұруға, оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуына шектеулер белгіленді;
  • тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру;
  • бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салынды.

Қосымша уақытша шектеу шаралары ретінде сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, этил спиртін және алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған, жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді уақытша алып қою көзделген.

Қазақстан Республикасы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 20-бабына сәйкес коменданттық сағат қағидаларын бұзған жеке тұлғаларды полиция қызметкерлері немесе әскери патрульдер коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге олардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды – олардың жеке басын анықтағанға дейін, бірақ ішкі істер органы бастығының немесе оның орынбасарының шешімі бойынша 48 сағаттан асырмай ұстауға тиіс.

Ұсталған адамдар және олардың алып жүрген заттары мен көлік құралдары тексерілуі мүмкін.

Төтенше жағдай режимінің көрсетілген талаптарын бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын атап өтеміз. Осылайша, билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату ҚК-нің 274-бабына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді (ҚК-нің 459-бабы). Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 476-бабы), төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) тиісінше 15 және 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген, – дейді Бас прокуратура.

Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып саналады (ҚК-нің 54-бабы, ӘҚБтК-нің 57-бабы) және неғұрлым қатаң жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ішкі істер органдары мен уәкілетті органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға, оларға қажетті жәрдем көрсетуге шақырамыз. Сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, арандатушылыққа берілмеуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға, ресми дереккөздерде орналастырылған елдегі ағымдағы жағдай туралы сенімді ақпаратты басшылыққа алуға шақырамыз, – дейді ведомство.

МИТИНГ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары шеруге шықты. Бұған автокөлікке құятын газ құнының литріне 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болды. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалады деп уәде берді.

Маңғыстау облысында басталған акциялар елдің өзге өңірлерінде де жалғасты. 4 қаңтарда кешке жағдай күрделеніп, Алматыдағы наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Шеруге шыққандар үлкен көшелермен жүріп, әкімдік ғимаратына дейін барды. Ол жерді арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.

5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Кейін Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Ел ішінде наразылық болып жатқанда Мемлекет басшысы қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.

«Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек», - деді Тоқаев.

5 қаңтарда Президент үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын», - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.

Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Еліміздегі жағдайға байланысты тағы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама