×

Малға құжат болмаса, шығын қалай өтеледі - министр түсінік берді

Арнайы алгоритм бекітілген

 Дәурен Ерболат 10.05.2024 | 12:55
фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су тасқынынан зардап шеккен халыққа құжаты жоқ малдың шығыны қалай өтелетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, табиғи апат болған өңірлерде арнайы комиссия құрылған.

Малына құжаты барлардың шығыны бюджеттен өтеледі. Енді малына құжаты болмаса, тіркелмесе, алгортимде «3 куәгер болуы керек» деп жазылған. Олар – көршілер, учаскелік полиция инспекторы, ауылдық округтің әкімі. Олар барлығын дәлелдейді. Нәтижесінде (мал шығынының) құжатын толтырады да шығын қорлар немесе демеушілер, компаниялар есебінен өтеледі, - деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ ол Қарағанды облысында мал шығынын демеушілердің толық өтегенін атап өтті.

«Ақтөбе, Қостанай облыстарында да осындай жұмыс жүріп жатыр. Ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Президенттің тапсырмасы бар. Барлық шығын өтеледі», - деді ведомство басшысы.

Айта кетсек, бұған дейін тасқын салдарынан малынан айырылғандарға 1,1 млрд теңге өтемақы төленгені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама