×

Қазақстандықтар су тасқынымен қалай күресіп жатыр

Еліміздің су тасыған аймақтарында жұмыс бәсеңдеген емес

 Қымбат Елтайқызы 07.05.2024 | 13:08
ТЖМ фотоларында Құлсарыдағы жұмыс

Атырау облысының Құлсары қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында су басқан аумақтардан су сору жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Өткен тәулікте Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 704 үй мен 219 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Барлығы 130 227 текше метр су сорылды. Өзендердегі су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы, Абай, Қостанай, Павлодар облыстары ТЖ департаменттерінің күштері мен құралдары су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді, дейді Төтенше жағдайлар министрлігі.

«Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары, Торғай өзені су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 4 600 қапшық пен 710 тонна инертті материал төселді. Өткен тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында су басқан 97 үйде, Атырау облысының Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында екі көпқабатты тұрғын үй мен аумақтарда дезинфекциялау жүргізді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің күштері Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы маңындағы аумақтарда жалпы ауданы 65,2 гектар су басқан аумақтарда дезинфекциялау жүргізді», – деді ТЖМ.

Республика бойынша 9 660 тұрғын үй мен 3 213 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 16,2 млн еріген қар суы сорылды. 50 467 адам өз үйлеріне оралды. 5 447 адам уақытша орналасу пунктерінде қалып отыр. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 11 458 адам, 1 289 техника, 329 су сору құралы, 68 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.

Бұған дейін Құлсарыда 100-ден астам үй әлі су ортасында тұрғанын хабарлаған едік. Атырау облысында Жайық суы арнасынан асқаны да белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама