×

Екі айға қамалған экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың қайда екені айтылды

Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды

 Айгерім Таубай 04.05.2024 | 16:32
Фото: Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі

Сот санкциясымен екі айға қамауға алынған бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Астанадағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұл туралы Бас прокуратура Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында айтты.

Ерлан Тұрғымбаев қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылықты жасады деген күдікке ілінген. Бұл бапта қызметтік міндетін орындау кезінде билiктi немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану әрекеті көрсетілген.

Тұрғымбаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, қылмыстық iс құжаттарында мемлекеттiк құпиялар қамтылған.

2024 жылдың 30 сәуірінде бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталғаны хабарланды. Бас прокуратура 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды. Содан кейін Қазақстан президентінің кеңесшісі болды. Ол бұл қызметтен жарты жылдан кейін босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама