×

Байзақтағы мектеп әжетханасында мерт болған баланың туыстары әділ тергеуді талап етіп отыр

Олар оқушы әлімжеттік, зорлық-зомбылық фактілері салдарынан қаза тапты деген сенімде

 Қымбат Елтайқызы 02.05.2024 | 15:10
Halyq Uni

Жамбыл облысында мектеп дәретханасында көз жұмған баланың туыстары Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі басшыларынан тергеуді ашық әрі әділ өткізуді талап етіп отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаза болған баланың туыс ағасы Олжас Сейтқадыр Halyq Uni редакциясына хат жолдап, оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Оның мәліметінше, 2024 жылғы 30 сәуірде Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округі, Құмжота ауылында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы, 22.04.2010 жылы туған Мәлік Мирас Тохтасынұлы белгісіз себептерге байланысты мерт болған.

Қаза тапқан уақыты – шамамен сағат 10:00. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем, полиция қызметкерлері келді. Мәйітті тексеріп, оқиға орнынан сот-медициналық сараптамасын жасауға жеткізілді. Шамамен кешкі сағат 16:00-де туыстары мәйітханадан үйге жеткізді. Әзірге сот-медициналық сараптама қорытындысы белгісіз. Полиция, мектеп қызметкерлерінің пайымдауынша, бала әжетханада өздігінен құлап көз жұмған. Осы күнге дейін Мәлік Мирас Тохтасынұлы ешқандай арнайы медициналық тіркеуде болмаған. Сонымен қатар, денсаулық жағдайы бойынша ешқандай аурулары байқалмаған және салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болған.

Құмжота ауылындағы Мираспен жасты оқушылардың айтуынша, дене шынықтыру сабағынан кейін оларға өздерінен жоғарғы сынып оқушылары мектеп аумағына, яғни сыртқы дәретханаға жиналуға бұйрық берген. Соның салдарынан әлімжеттік, зорлық-зомбылық фактілері болып, қаза болған көрінеді. Аудандық полиция басқармасының қызметкерлері де болған оқиғаны келеңсіз жағдай деп есептеп отыр, - деп жазды марқұмның туысы.

Олжас Сейтқадыр аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, сот-медициналық сараптамаларын ашық, әділ түрде өткізуді, сонымен қатар барлық мемлекеттік органның істі обьективті түрде, заң шеңберінде, ешқандай бұрмалаусыз жүргізуді талап етті.

2019 жылғы қарашада Тараз мектебінің даладағы дәретханасында 12 жастағы қыздың зорланғаны есімізде. Сол кезде оқушының сынып жетекшісі, вахтер мен мектеп меңгерушісі жұмысынан босатылған болатын. Осы шулы оқиғадан кейін шенеуніктер білім беру мекемелерінде тәртіп орната бастаған. Далада орналасқан әжетханаларды мектеп ғимараттарына көшіру үшін 1,1 млрд теңге бөлінген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама