×

Бишімбаев ісі: Жоғарғы сот алқабилер қалай іріктелетінін түсіндірді

27 наурыздағы сот отырысына 300-ге жуық адам шақырылған

 Айгерім Таубай 26.03.2024 | 14:25
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Жоғарғы сот Қуандық Бишімбаев ісін қарайтын алқабилердің қалай іріктелетінін түсіндірді. 27 наурызда өтетін сот отырысына 300-ге жуық адам шақырылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы, егер кейбіреулері ауырып қалса немесе күтпеген жағдайлар туындаса) алқабилер іріктелетінін мәлімдеді.

Осы мақсатта соттың сұрауы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде қалыптастырылған бастапқы тізімдегі 300-ге жуық адам сотқа шақырылды. Ақпараттық жүйе заң талаптарына сәйкес келетін 25 жастан 65 жасқа дейінгі азаматтарды тізімге кездейсоқ түрде енгізеді, - делінген ақпаратта.

Айыптаушы және қорғаушы тараптың қатысуымен өтетін отырысқа келген азаматтардың арасынан қандай да бір себептермен алқабилердің міндетін атқара алмайтын тұлғаларды тексеру жүргізіледі. Олардың қатарында соттылығы алынбаған немесе соттылығы бар, процесске қатысушылармен туыстық қарым-қатынасының болуы, психикалық, мінез-құлық бұзылыстарымен байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тіркеуде тұрғандар, сот ісі тілін білмейтін тұлғалар кіреді.

Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті, бірақ кеңесу бөлмесіне 10 негізгі алқаби мен 1 судья барады.

Алқабилер алқасына қандай да бір жолмен ықпал етуге болмайды. Алқабиге соттағы өз міндеттерін атқару кезеңінде судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері беріледі. Сондай-ақ алқабилерді іріктеу рәсімі жабық сот отырысында өтуі заң жүзінде бекітілген, - делінген ақпаратта.

Алқабилер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстары мемлекеттің қорғауында болады.

Айта кетейік, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 27 наурызда басталады.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама